Бейсенбі, 19 Қазан 2017 г. 16:40

Бундестаг депутаттары ЭКСПО-2017 объектілерінде болды

Бүгін Германия Бундестагының депутаттары ХДС/ХСС фракциясының атқарушы хатшысы Манфред Грундтың бастауымен ЭКСПО-2017 көрмесіне келді. Ұйымдастырушының кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Басқармасының Төрағасы Ахметжан Есімов неміс парламентшілерімен кездесті. 
Кездесуде Көрмеге дайындық және өткізу мәселелері бойынша «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықтың ақырғы кезеңі туралы хабардар етті. 115 ел мен 21 халықаралық ұйым өзінің қатысатынын растады. Бүгінгі таңда Ұлттық күндерін өткізуге ресми қатысушылардың 113 өтінімі келісілді. Қазіргі кезде қатысушы елдер өздерінің ұлттық павильондарын контенттік толтыру жұмыстарын белсенді жүргізуде.
«Неміс павильоны ең үлкені болып табылады және ауданы 1252 шаршы метрді алады, ол Монакомен, Нидерландымен және Испаниямен көршілес орналасқан. Неміс компанияларының 24 жобасының 3-уі бірден өз жетістіктерін «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонында көрсеткенін, оларды іріктеумен ғалымдардың және Нобель сыйлығының лауреаттарының қатысуымен арнайы халықаралық комиссия айналысқанын атап айтқан жөн. Біз Германияның жаңартылатын қуат көздері саласындағы бай тәжірибесін білеміз және бұл тәжірибе көрмеге қатысушылар үшін танымдық және қызықты болады» - деп атап көрсетті Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде Бундестаг депутаты Германияның жаңартылатын қуат көздерін пайдалануды қолдайтын ел ретінде ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысудың маңыздылығын көрсетті.
«Германияда ЭКСПО-ны өткізу тәжірибесі бар және біз өзімізге Астанада осындай тамаша алаңның ұсынылатынына қуаныштымыз. Мұнда жасыл энергия саласындағы білімдерімізбен және жетістіктерімізбен бөлісе аламыз. Германияда тек үлкен павильон ғана болып қоймайды, әдетте, біз үлкен мәдени бағдарлама да дайындап жатырмыз. Біз неміс мәдениеті көрсетілетін 3 ауқымды шара өткізгіміз келеді, соның ішінде 12 маусымда Германияның ұлттық күнін өткізу де бар» - деп хабарлады Манфред Грунд.
Әрі қарай Бундестаг депутаттары логистикаға, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмекке қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар мен түсініктемелер алды.
Кездесуден кейін ЭСКПО объектілеріне шағын топсаяхат өткізілді, сондай-ақ экспозицияның тақырыптық безендірілуі жөніндегі монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан неміс павильоны көрсетілді.

Анықтама үшін: бүгінгі күні Германияда ақырғы энергия тұтынудың 12,3 % және электр энергиясын толық өндірудің 23,4 % жаңартылатын көздерден қамтамасыз етіледі, осыған байланысты жаңартылатын энергия көздері экономикалық энергия жүйесінің негіздерінің бірі болып табылады.

 

* * *
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ 2013 жылдың 15 қаңтарында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық және оны өткізу мақсатында құрылды.
Қосымша ақпараттар алу үшін Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментке хабарласыңыз: тел.:+7(7172) 938608, e-mail: pr@expo2017astana.com, www.expo2017astana.com

 

ЭКСПО-2017