Сейсенбi, 17 Шілде 2018 г. 15:49

Этносаралық келісім – бұл тек қоғамның өркениеттілігінің көрінісі ғана емес, бұл болашақтың беталысы... 

Қазақстан — жер бетіндегі көпұлтты құрамымен, көптеген этностармен тату-тәтті көршілестігімен ерекшеленетін бірегей елдің бірі. Біздің елдің бірегейлігі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан кезінен бастап елдегі этносаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету республиканың ұлттық саясатының негізі болып, бұл бағытқа мемлекет тарапынан басымды назар  аударылғанынан да көрініс тауып тұр. 

Бүгін біз Қазақстанның бүкіл әлемге этносаралық келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп отырғанын мақтан тұтамыз. Қазақстандық қоғамның рухани байлығы республикада өмір сүріп жатқан этностардың  мәдениетін тиімді біріктіріп отырғанында – бұл да біздің мақтанышымыз.

Этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің құпиясы неде? Оның негізі ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңға салынған. ҚР Конституциясында жазылған және басқа да  аса маңызды мемлекеттік актілерде көрініс тауып отыр. Біздің үлгінің ұлтаралық келісімді сақтау ғана емес, оны болашақта дамытуға бағытталғаны маңызды.

Қазақстанда жүргізіліп отырған ішкі саясаттың аса мықты  тұстарының бірі саяси тұрақтылық пен қоғамның бірлігі.  Бұл мәселеге Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да көңіл бөлініп отыр. Бұл бағдарлама бүгінгі күні Қазақстанды жаңғырту стратегиясына бүтіндік пен жүйелілік беріп отыр.

Стратегияның маңызды бағыттарының қатарында ұлттық рухты, атап айтқанда ұлттық сәйкестікті сақтау және нығайту жатыр.

Біздің жас тәуелсіз мемлекет этносаралық және конфессияаралық үдерістерді жіті бақылап отыр. Елбасы құрған Қазақстан халқының Ассамблеясы, Қазақстан Республикасының  барлық мемлекеттік органдары ұлттық бірлікті нығайту жолында күнделікті ықтиятты жұмыс жүргізуде. Мақала жарияланғаннан кейін ұлттық комиссия бірден қарқынды жұмысты бастап кетті. Сарапшылық жұмыс топтары құрылды, орталық пен аймақтарда жобалық кеңселер жұмысы басталды.

Әрине, ұлттық келісімді нығайтуға тиімді экономикалық саясат  та, елдің әл-ауқатының артуы да әсер етуде. Ұлтшылдық пен ұлттық шиеленістер кедейлерге тиесілі деген пікір бар. Сірә, бұл тек материалдық әл-ауқатқа ғана емес, мәдениетке де қатысты болса керек. Расизм, ұлттық шовинизм, ұлтшылдықтың шекті формалары – мұның бәрі мәдениеттің кедейлігінің, білімнің жетіспеушілігінің, өзге ұлттардың рухани байлығын бағалай білмедің көріністері.

Осының өзі қазіргі кездегі сананы жаңғыртудың – өз мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтаудың  өте өзекті екенін көрсетіп тұр. Сол үшін жаңа жаңғырту – елдің өткені, бүгіні мен болашағын біріктіруші платформа. Оған қоса рухани жаңғыртудың аса маңызды миссиясы ұлттық сана-сезімнің түрлі полюстерін тоғыстыруда жатыр.

Осы орайда «ТРИНТА» ЖҚ мамандары «ШҚО ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырысы бойынша «Рухани жаңғыру» идеясының негізінде шығысқазақстандықтардың азаматтық сәйкестігін қалыптастыру және этносаралық келісімді нығайту» аясында тұрғындардың түрлі категорияларының қатысуымен бірқатар көшпелі семинарлар, ақпараттық кездесулер өткізуде. Біздің мақсатымыз – сана-сезім полюстерінің түйісу нүктесін табу, халықты этносаралық келісім және қазақстандық сәйкестік,әлеуметтік капиталды қалыптастыру, ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ жоғарыда аталған сұрақтар  саласындағы «табыс рецептін» жасау мәселелеріне тарту.

Мақаланы жазған кезде Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының («Ұлтаралық келісім – ел дамуының негіздерінің бірі», Черкасов Ю.П.) және Қазақ-Ресей Халықаралық университетінің «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының («Рухани жаңғыру президенттік бағдарламасы – қазіргі Қазақстанның тарихи дамуының жаңа кезеңі» мақаласы) материалдары пайдаланылды.