Сенбі, 17 Тамыз 2019 г. 19:48

Сарыөлең ауылында футбол алаңының ашылу салтанаты өтті

Сарыөлең ауылында кәсіпкер Ержан Қойлыбаевтың демеушілігімен бой көтерген жаңа типті футбол алаңының ашылу салтанаты болды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Д.Қажанов, ауылдық округтің депутаты Н.Қасымханов, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары, жастар қатысты. Салтанатты сәтте сөз алған аудан әкімі Д.Қажанов ауыл тұрғындары атынан ел игілігіне  атқарған жұмысы үшін  Е.Қойлыбаевқа   алғыс айтып, спорт күні мерекесі қарсаңында елді мекенге жасалған үлкен тарту деп бағалады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Чумбасов тұрғындардың ыстық ықыласын жеткізіп, елге тарту етілген спорт алаңын жақсы күйде ұстау ауылдықтардың міндеті екенін айтты. Жас спортшы, қол күресінен облыс чемпионы Н.Самарқан бүгінгі күні ауыл жастарына бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға, спортпен шұғылдануға үлкен мүмкіндік берілуде деп достарын спортпен айналысуға шақырды.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Д.Қажанов, спорт саласының ардагері С.Майекенов, шаңғы спортының дамуына үлес қосқан спортшы Г.Қабылтаева жаңа футбол алаңының лентасын қиды, шашу шашылды. Жаңа футбол алаңындағы алғашқы ойынға доп қосу құрметіне аудан әкімі Д.Қажанов ие болып, жасөспірімдер ойынды  бастап кетті.